Павлодарда жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізуші ұсталды
Оқиға «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Патрульдік полиция қызметкерлері Н. Назарбаев пен Торайғыров көшелерінің қиылысында ГАЗ маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Тексеру кезінде жүргізушінің жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланғаны анықталды.
– Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тәркіленді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полицияның мәліметінше, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады. Мұндай әрекеттер көбіне көлік құралдарын заңсыз пайдалану, әкімшілік жауапкершіліктен жалтару немесе өзге де құқық бұзушылықтарды жасыру мақсатында жасалады.
Жыл басынан бері Павлодар облысында осы бағытта 5725 құқық бұзушылық анықталған.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді көлік құралдарын тек өзіне заңды түрде тіркелген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен пайдалануға шақырды.