Павлодарда жасөспірімдер қылмысында жаңа үрдіс байқалды
Өңірде интернет-алаяқтыққа әуестенген жастар анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта кәмелетке толмағандар арасындағы интернет-алаяқтық фактілері анықталды. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жастар көбіне әлеуметтік желілер арқылы заңсыз әрекеттерге тартылып, тез ақша табуға ұмтылады.
Соңғы уақытта облыста жеткіншектердің вейп сатамыз деген сылтаумен алаяқтық жасаған жағдайы тіркелген. Олар азаматтардан ақша алып, тауарды жеткізбеген. Биыл осындай бір факт анықталған.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда қылмыс түрлері өзгеріп, кибералаяқтық кең тарала бастаған. Осыған байланысты соңғы екі жылда қарсы жұмыстар күшейтілген.
- Жүргізілген талдау нәтижесінде құқықбұзушылық жасаған жастардың шамамен 80 пайызы қолайлы отбасылардан шыққаны анықталды. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында материалдық құндылықтарға қызығушылық жоғары. Олар қымбат ұялы телефон, брендтік киімдер арқылы қатарластарынан ерекшеленуге тырысады. Осындай факторлар олардың ойланбай әрекет жасауына әсер етеді, - деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісова.
Сонымен қатар мамандар кәмелкетке толмағандардың ересектер ықпалынан тез түсетінін атап өтті. Соңғы жылдары өңірде тонау, қарақшылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру секілді ауыр қылмыстар азайғанымен, интернет-алаяқтық бойынша өсім сақталып отыр.
Қазір Павлодар облысында профилактикалық есепте 218 қолайсыз отбасы мен 66 жасөспірім тұр. Бұдан бөлек, сегіз кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына жіберілген. Тағы екі балаға қатысты құжаттар дайындалуда.