Павлодарда жалған нөмір таққан жүргізуші анықталды
«Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заң бұзған автокөлік иесін құрықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қала көшелерінің бірінде ВАЗ маркалы автокөлікті тоқтатқан.
– Тексеру барысында жүргізушінің белгіленген талаптарға сай келмейтін, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланғаны анықталды. Аталған факт бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, – делінген хабарламада.
Полиция жалған немесе өзгертілген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу болып табылатынын және заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.