Павлодарлық балабақшада бүлдіршіндерді аяусыз ұрған педагог жұмыстан шеттетілді

Оған ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкеневаның сөзінше, №116 балабақшада болған зорлық-зомбылықтан кейін 10 ата-ана полицияға өтініш жазды. Барлық балалар сот-медициналық сараптамадан өтті. Полицияға түскен материалдар талдануда.
– Жәбірленушілердің саны артуы мүмкін. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды, – деді Сәуле Шәкенева.
Бұл ретте қалалық білім бөлімі қызметтік тергеуді аяқтады. Педагог тергеу кезінде жұмыстан шеттетілді, ал директорға қатаң сөгіс берілді.
– Балалары бар екі ата-ана аймақтық психологиялық қолдау орталығына барып, психологиялық көмек сұрады. Орталық басшысы сөйлемейтін сәбилермен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін және психологтың белгілі бір біліктілігін талап ететінін атап өтті, – деді өңірлік уәкіл.
Сондай-ақ, ол орталықтың психологтары ата-аналарының өтініші бойынша көшпелі топтық сессияларды өткізуге дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, №116 балабақша тәрбиешісі балалардың шашынан жұлқылап, бетінен шапалақпен ұрып, итеріп, денесінен ұрып-соғып, киімдерін дөрекілікпен ауыстырып жатқан сәттері камераға түсіп, әлеуметтік желіде жария етілді. Жағдайды облыстық полиция департаменті тергеп жатыр.