Павлодарда жас домбырашылар сауда үйін күмбірлеген күйге бөледі (ВИДЕО)
Бұл шараға қаладан бөлек, облыс домбырашылары атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Домбыра күні аясында облыстық жас домбырашылар «Batyr mall» сауда-ойын-сауық орталығында домбыра кешін ұйымдастырды. Үш музыкалық мектептің 30 шақты тәлімгері өнер көрсетті.
– Шараға Ақсу, Павлодар қалалары мен Ленин кентінің музыканттары қатысуда. Ең кішкентай домбырашының жасы – жетіде. Өнерпаздар концерт барысында тек домбыра ойнап қана қоймай ән де айтады, қылқобызда ойнайды. Концертте «Адай», «Балбырауын» сынды күйлер шертіледі, – дейді Павлодар қаласы патриоттық тәрбие беру орталығы басшысының меңгерушісі Ажар Оспанова.
«Домбыра FEST» шымылдығын Ақсу қаласының добырашылары Құраманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйімен ашты.
– Мен домбырада ойнап жүргеніме 7 жыл болып қалды. Домбырада ойнау мен үшін хоббиға айналған. Бүгінгі шарада сыныптастарыммен бірге әртүрлі күйлерді орындаймын, – дейді Құрманғазы атындағы музыкалық мектептің 7-ші сынып оқушысы Әділхан Атикенов.
Шараны жастар бастамаларын дамыту орталығы мен қалалық білім беру бөлімінің «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.