Иса Байзақовтың 125 жылдығы: Ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар қайда өтеді

Мерекеге Қазақстанның түрлі өңірлерінен, Моңғолия мен Қырғызстаннан қонақтар келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
25 шілдеде Павлодар қаласы, Достық үйінде ғылыми практикалық конференция өтеді. Оған Иса Байзақовтың туыстары, ақын- жазушылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, өлкетанушылар, мәдениеттанушылар, музей, архив және кітапхана ісінің мамандары қатысады.
Негізгі іс-шаралар Ертіс ауданында өтеді. Сол күні Ертіс ауылында құрылған этноауылда көкпар жарысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Ертіс аясында» халықаралық айтыстың бірінші кезеңі басталады. Оған Қазақстан, Моңғолия және Қырғызстаннан 12 ақын қатысады. Жүргізуші – Аманжол Әлтаев, қазылар алқасының төрағасы – Ғалым Жайлыбай.
26 шілде ауданда Иса Байзақов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі, Иса Байзақовқа арналған кітаптардың тұсаукесері жоспарланған.
Этноауылда көкпар сайысы, қазақша күрес, бәйге, қолөнершілер мен суретшілер көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Ертіс аясында» халықаралық айтыстың екінші кезеңі мен Қазақстанның белгілі әншілерінің және қалалар мен аудандар өнерпаздарының концерті жоспарланған.