Шарбақты ауданының кітапханасы облыста үздік деп танылды
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жыл қорытындысы бойынша семинар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кітапхана мамандары «Аймақ кітапханалары: жетістіктер мен қиындықтар» және жергілікті жазушылардың кітаптары мен өлкетану әдебиеттерімен кітап қорын толықтыру мәселесіне арналған «Жергілікті ақын – жазушылар мұрасы, болашақ ұрпақ қазынасы» тақырыбында баяндамалар жасады. Орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің басшылары аймақ кітапханаларының жетістіктері мен мәселелері жайлы айтып, өз ойларын ортаға салды.
– Бүгінгі жиында облыс кітапханаларының Қазақстан Республикасы мәдени саясаты тұжырымдамасын іске асыру жолы туралы сөз қозғадық. Облыста халыққа кітапханалық қызмет көрсетуді дамыту және қолдау саясаты бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылуда, – дейді С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова.
Аталмыш іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсел Ақсақова қатысты.
Сондай-ақ, семинар соңында оқырмандар санын арттыруға бағытталған «Оқуға құштар өңір – 2023» байқауының қорытындысы жасалып, жеңімпаз жарияланды. Биыл оқырмандар санын 35 пайызға арттыру көзделген. Байқау нәтижесі бойынша кітапханаға келушілер саны басым түскен Шарбақты ауданының «Читай 365» жобасы үздік деп танылды.
Айта кетейік, жеңімпаз аудан арнайы мүсінге ие болып, дипломмен және қазіргі заманғы авторлардың кітаптарымен марапатталды.