Екібастұзда мәдениет қайраткеріне арналған еске алу кешінде бейне-фильм көрсетілді
Аталмыш шарада әншінің ұрпақтары мен шәкірттері өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы «Өнер» мәдениет сарайында дәстүрлі ән өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Жәнібек Мәліковке арналған «Атадан қалған аманат» атты еске алу кеші өтті.
Кеш шымылдығы Ертіс-Баян өңірінің мәдениетіне саналы ғұмырын арнаған дәстүрлі әнші жайлы дайындалған бейне-фильммен ашылды.
Ақын Құдайберлі Мырзабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев, қазақ өнерінің жанашыры, астаналық Рамазан Сәттібай, Баянауыл ауданының бас ақыны Жұмкен Сейітов сынды достары қатысып, жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, әншінің ұрпақтары мен шәкірттері өнер көрсетіп, сахнада әншінің сүйікті әндері шырқалды
– «Әнім – өнерім» деп өмірінің соңына дейін қолынан қара домбырасын тастамаған Жәнібек әншінің есімі еш ұмытылмайды, – деді мәдениет сарайында.
Шара соңында мәдениет бөлімінің басшысы Медығат Манапов еске алу концертке алыс-жақыннан келген қонақтарға, көрерменге ризашылығын білдіріп, әншінің жарына гүл шоқтарын ұсынды.