Павлодарда жаяу жүргіншілер көпірі салынады

Павлодарда жаяу жүргіншілер көпірі салынады
Фото: Константин Шелков

Көпір шаңғы базасы мен орталық жағажайды байланыстырмақ, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Естай атындағы мәдениет сарайында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. 

– Қаладағы ірі жобалардың бірі – Усолка шағын ауданында эко-саябақ құру. Оны келесі жылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, менің бастамаммен жағалауымызды «Ертіс» шаңғы базасымен байланыстыратын жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жобалануда, – дейді Асайын Байханов. 

Облыс әкімінің айтуынша, алдағы көктемде Павлодарда Лермонтов көшесін қайта жаңғыртудың ауқымды жобасы басталады. Оның негізгі идеясы – көшені жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі жайлы ету. Сондай-ақ, себептердің бірі - жағалаудан Ауған саябағына дейін жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту.

Айта кету керек, облыс әкімі қала әкімі Хасар Хабылбековке жағалауды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырған болатын. Жобалау 2024 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін аяқталуы керек.