Павлодар ауданының теміржол өткелінде бұзушылықтар анықталды
Тәртіп сақшылары анықтаған барлық бұзушылықтар бойынша кемшіліктерді жою бойынша нұсқамалар жолданды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде темір жолдардың жанында орнатылған жол белгілері көрсетілмейді, жүргізушілердің көруіне кедергі келтіретін және жол бойында өсетін бұталар кесілмеген.
– Учаске бойынша лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар ауданы полиция бөлімі әкімшілік полициясының бастығы Дамир Әлбеков.
Полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында облыстың автомобиль жолдары мен жол құрылыстарының, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының пайдалану жай-күйіне тексеру жүргізеді.
Жыл басынан бері облыста 22 мың шақырымнан астам аумақты қамтитын жалпы пайдаланымдағы автожолдарға 899 зерттеу жүргізілді. Тексеру барысында 2001 ақау анықталды. Жолдарды қанағаттанарлықсыз күтіп ұстағаны және жолдарда жұмыс жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 140 лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылды.