Павлодарда жылу беру маусымын аяқтау және жөндеу өткізу мәселелері қаралды

Павлодарда жылу беру маусымын аяқтау және жөндеу өткізу мәселелері қаралды
Фото: Валерий Бугаев

2026 жылғы 20 сәуірден бастап Павлодар облысында жылу беру маусымы ресми түрде аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы кезеңде 16 энергетикалық блок, 22 қазандық және 14 турбина жұмыс істеді, ал 11 қазандық пен екі турбина резервте болды.

Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін бірден келесі маусымға дайындық жұмыстары басталады. Биыл негізгі жабдықтың 41 бірлігін жөндеу жоспарланған: тоғыз энергетикалық блок, 24 қазандық, алты турбина және екі түтін мұржасы. Бүгінде сегіз бірлік бойынша жұмыстар басталды. Сондай-ақ 37,4 км жылу желілерін жөндеу көзделіп отыр.

20-30 сәуір аралығында облыстың үш қаласында гидравликалық сынақтар өткізіледі.

Жылу желілерінде ақау анықталмаған тұрғын үйлерге ыстық су сынақтар аяқталғаннан кейін бірден беріледі.

Ал ақау анықталған үйлерде ыстық су жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қосылады.

Ыстық суды қосу мерзімдері көрсетілген мекенжайлар тізімі 2026 жылғы 5 мамырға дейін үш қалалық әкімдіктің ресми ресурстарында жарияланады.