Павлодарлықтар көрнекі ақпарат пен жарнаманың жай-күйін талқылады
«Көрнекі ақпарат сауаттылығы – баршаға ортақ іс» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шара Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен іске асты.
- Дөңгелек үстел барысында көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерінің жай-күйі, көрнекі ақпарат бойынша бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселелер қамтылды. Қатысушылар аталған мәселелер бойынша сауалдар қойып, проблемаларды шешу жолдары туралы өз ойларын, тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ, маңдайшалардың, тауар белгілерінің, қоғамдық көліктердегі жарнама өнімдерінің дұрыс ресімделуі бойынша қолма-қол кеңестер алды, - делінген хабарламада.
Аталған шара жұмысына Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов, қалалар мен аудандардың тіл мамандары, жергілікті ЖОО-ның профессорлары, аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мемлекеттік органдар мамандары, қызмет көрсету нысандарының басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында облыстағы көрнекі ақпараттың жай-күйі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына 2021 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың орындалуы туралы аудандар мен қалалардың баяндамалары тыңдалды.