Павлодарда Жансүгіров оқуларының жеңімпаздары марапатталды
Байқауға жалпы білім беретін, мамандандырылған мектептердің 47 оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, облыстың білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен 8-11-сынып оқушылары арасында өткен республикалық Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды.
Байқау «Ілияс – қазақ поэзиясының ақыны» – ақын Ілияс Жансүгіровтің бір өлеңін мәнерлеп оқу және орындау, «Ұлы адамға арналады» – өз шығармасының өлеңдерін жатқа оқу, «Ілияс – сөз шебері» – ақынның прозалық немесе драмалық шығармаларын оқу бағыттары бойынша ұйымдастырылды.
Оқуларға жалпы білім беретін, мамандандырылған мектептердің 47 оқушысы, облыстың қалалық, аудандық оқу кезеңдерінің жеңімпаздары, оның ішінде Павлодар қаласының № 2, 17, 30 мектептерінің үш оқушысы қатысты. Оқу қорытындысы бойынша павлодарлық қатысушылар ІІ жүлделі орынға ие болды.
№ 30 мектептің 10-сынып оқушысы Ақтай Толғанай «Ілияс – қазақ поэзиясының жыр құлагері» номинациясында ІІ орынды иеленді. Ол дикция, кідіріс, екпінді сақтай отырып, «Ана тілі», «Домбыра», «Замандасқа», «Әнші» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Ұлы тұлғаға арнау» номинациясы бойынша ІІІ орынды № 17 мектептің 10-сынып оқушысы Туғанбай Әмірхан иеленді. Ол өзінің «Ілиясқа арнау», «Халық деп соққан жүрегі» өлеңдерін оқып, түрлі тақырыптағы 30-ға жуық өлеңдер жинағын ұсынды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстың білім беру басқармасының тиісті деңгейдегі дипломдарымен марапатталды.