Павлодарда ҮЕҰ-дарға шағын гранттар табысталды

Әр жеңімпаз жобасын іске асыру үшін 500 мың теңге грант алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметін қолдау және олардың бастамаларын іске асыру мақсатында «Ерке Ертістің жағасында...» атты шағын гранттар конкурсы ұйымдастырылды.
– Байқаудың негізгі мақсаты – ҮЕҰ қызметін дамытуға жағдай жасау, олардың бастамаларын және әлеуметтік маңызы бар жобаларын қолдау. Сондай-ақ, бұл конкурс елдің қоғамдық өміріндегі ҮЕҰ рөлін нығайтуға, халықтар достығын сақтауға, ұлттық бірегейлікті қорғауға, өскелең ұрпаққа патриоттық сезімдерді сіңіруге және қоғамда толеранттылықты тәрбиелеуге бағытталған, – деді ұйымдастырушылар.
Конкурс қорытындысы бойынша бес бағыт бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында «Бір шаңырақтың астында» бағытында Margulan University Студенттік Парламентінің «BEYIMDEL» жобасы жеңіске жетсе, «Шежіре» бағытында «Saryarqa» ҚБ-ның «Ата-баба мұрасы» жобасы үздік деп танылды. Сонымен қатар, «Айттым сәлем...Ертіске» бағытында Margulan University Студенттік Парламентінің «Abai Talks: Ертіс жастары үн қосады» жобасы жеңімпаз атанды. «Ertis Vibe» бағытында «by.Pavlodar» бастамашыл тобының «by.Pavlodar» жобасы жеңсе, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» бағытында «Қазақстан Жастар Одағы «Youth Challenge» ҚБ-ның «#ГородДела/PROФЕССИЯ FEST» жобасы жеңімпаз атанды.