Павлодарда жол үстінде әлеуметтік желі үшін видео түсіретіндерге ескерту жасалды

Павлодарда жол үстінде әлеуметтік желі үшін видео түсіретіндерге ескерту жасалды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Мұндай құқық бұзушылықтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті жаяу жүргіншілер өткелдерінде түрлі трюктер жасап, оны әлеуметтік желіге жариялайтын блогерлер мен контент авторларына ескерту жасады.

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, егер адам жаяу жүргіншілер өткелінен бағдаршамның жасыл түсіне өтіп, өз әрекетімен өзгелерге кедергі келтірмесе, жауапкершілікке тартылмайды.

– Егер азамат жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтірсе немесе олардың қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне өту кезінде трюк жасау немесе басқа да қауіпті әрекеттер көрсету Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы бойынша жауапқа тартуға негіз болуы мүмкін, – деді Қуаныш Мұстафинов.

Сонымен қатар, жағдайға байланысты азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Полиция қызметкері әрбір жағдай жеке қаралатынын атап өтті.

Бұл ескерту 25 тамыздан бастап электрсамокаттарға қатысты талаптардың күшеюіне байланысты жасалды. 

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 25 тамызынан бастап Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Жаңа талаптар жүргізушілерге, сондай-ақ электрсамокат пен электрвелосипед пайдаланушыларына қатысты болады. Атап айтқанда, электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы қозғалуына тыйым салынады.