«Жұмысшы мамандықтар қаласы»: Павлодарда 40-тан астам жас маман бас қосты

Одан бөлек іс-шараға тағы 30-дан астам өнеркәсіптік және сервистік кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдегі жас жұмысшы мамандарды қолдау және біріктіру мақсатында Павлодарда «Жұмысшы мамандықтар қаласы» атты ерекше таңғы ас-нетворкинг ұйымдастырылды.
Кездесу форматы жас мамандарға бейресми жағдайда бір-бірімен танысуға, тәжірибе алмасуға және жұмысшы мамандықтардың болашағын талқылауға тамаша мүмкіндік берді. Қатысушылар жұмыс берушілер тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер туралы да ақпарат алды.
Іс-шара ұйымдастырушысы, «Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы Айнагүл Сәрсенбаева жастардың белсенділігіне жоғары баға берді.
– Бүгін біз жастарымыздың қаншалықты табысты екенін, олардың өз идеялары мен бастамаларын қалай ілгерілете алатындығын көрдік. Олардың көпшілігі алдағы уақытта, әсіресе мемлекеттің қолдауымен іске асырылатынына сенімдімін. Біз сондай-ақ кәсіпорындар тарапынан жас мамандарға қандай қуатты қолдау көрсетілетінін, оларға арналған әлеуметтік жобалар мен жеңілдіктер бар екендігін білдік. Бұл өте маңызды және мұндай кездесулер алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймын, – деді Айнагүл Сәрсенбаева.
Кездесуге қатысушылардың бірі, 2-ЖЭО жоғары вольтты желілер электр монтері Іңкәр Кәрібай шараның пайдалы болғанын атап өтті.
– Бүгін біз «Жұмысшы мамандықтар қаласы» форумына қатыстық, әр қатысушы өзі үшін пайдалы инсайттар алды. Шарада өте мықты спикерлер болды, – деп бөлісті жас маман.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл таңғы ас-нетворкинг – іс-шаралар сериясының алғашқысы. Алдағы уақытта белсенді және жұмысшы жастарды біріктіретін шеберлік сағаттары, әлеуметтік науқандар және жаңа кездесулер жоспарланған.