Павлодарлық ұлтаралық және дінаралық келісімнің өзіндік моделі қандай?
Қазақстанда 18 қазанда Рухани келісім күні аталып өтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда тіл мен ұлтына, діни нанымына қарамастан, азаматтар заң алдында тең. Елде жеке тұлғаның наным-сеніміне құрметпен қарайтын конфессияаралық қатынастардың ерекше моделі қалыптасты.
Павлодар облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбәкіровтің айтуынша, түрлі конфессиялар мен этнос өкілдері арасындағы рухани келісім – Қазақстан қоғамының тәуелсіздік жылдарындағы басты құндылықтары мен жетістіктерінің бірі.
- Павлодар облысы халқы тату әрі көпұлтты. Дәл осы көпұлттылық пен толеранттылық қасиеттер өңірдің ерекше конфессияаралық моделін қалыпастырады. Бұл – артықшылығымыз бен құндылығымыз, - дейді Нұрлан Байбәкіров.
Павлодар облысында 12 конфессияны қамтитын 167 діни бірлестік тіркелген. Қазіргі уақытта өңірде 111 мұсылман мешіті, 26 православтық, 8 католиктік, 20 протестанттық, бір иудейлік және кришна санасы ұйымы бар.
Жыл сайын дәстүр бойынша облыстың қалалары мен аудандарында Рухани келісім күніне арналған шаралар ұйымдастырылады. Шаралар аясында облыстың барлық қалалары мен аудандарында дөңгелек үстелдер, диалогтық кездесулер, тарихи мәдени және рухани-адамгершілік тақырыптарда дәрістер, кітап көрмелері ұйымдастырылады. Рухани келісім күніне арналған облыстың конфессиялар өкілдерінің қатысуымен Рухани әндер фестивалі өткізілді.