Павлодарда жұмысшы мамандықтарға бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Дәнекерлеушілер мен слесарьлар сынды сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жәрмеңкені облыстық еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» компаниялар тобы белсенді қатысып, жүзден астам бос жұмыс орнын ұсынып, жұмыс іздеушілерге мамандармен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігін берді.
– Біз мұндай іс-шараларды көпшілік баратын, танымал жерлерде - мысалы, жағалауда өткізу жұмыс іздеушілердің назарын аударуға және еңбек нарығы туралы ақпаратты баршаға қолжетімді етуге септігін тигізетініне сенімдіміз. Сонымен қатар, бұл – жұмыс берушілерге барлық қызықтырған сұрақтарды қойып, болашақ жұмысқа орналасу туралы дұрыс шешім қабылдаудың тамаша мүмкіндігі, – деді облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаева.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «ПЭТК» АҚ және «Павлодарские тепловые сети» ЖШС-ның кадр бөлімдері дәнекерлеушілер, газбен және электрмен дәнекерлеушілер, слесарьлар мен токарьлар сияқты сұранысқа ие мамандықтарды ұсынды.
Компанияның кадрлармен жұмыс жөніндегі бөлімінің маманы Марина Перегуда жұмысшылар үшін қарастырылған еңбек шарттарына тоқталып өтті.
– Атап айтқанда, ақылы еңбек демалысы мен қосымша демалыс, аурухана парағы үшін ақы төлеу, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін өтемақы, сондай-ақ Энергетик күніне берілетін сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар, энергетика саласындағы бейіндік оқу орындарының студенттері үшін өндірістік ортаға ерте бейімделуге мүмкіндік беретін «Профэнерджи» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.
Жұмысқа орналасу бойынша ақпаратты келесі байланыс нөмірлері арқылы алуға болады:
«Павлодарэнерго» АҚ (2-ЖЭО, 3-ЖЭО):
- телефон: +7 (7182) 39-97-93, +7 (7182) 39-96-27;
- e-mail: info@pavlodarenergo.kz.
«ПЭТК» АҚ:
- телефон: +7 (7182) 75-12-26, +7 (7182) 75-13-57;
- e-mail: predc@pavlodarenergo.kz.
«Павлодарские тепловые сети» ЖШС:
- телефон: +7 (7182) 60-65-60, +7 (7182) 60-65-72;
- e-mail: t.seti@pavlodarenergo.kz.