Павлодар стационарларына дабыл батырмалары орнатылады

Павлодар стационарларына дабыл батырмалары орнатылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл шара дәрігерлерге жасалған шабуылдардан кейін қолға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақ халаттыларға қарсы күш көрсету – тек жеке адамның емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің қауіпсіздігіне төнген қатер. Бұл мәселеге ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да Instagram парақшасында назар аударды.

– Қарағандыда жеке клиникада жұмыс істейтін мейірбике шабуылға ұшырады. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі науқастың соққысынан есінен танып қалды. Науқас тек өз кезегін күткісі келмегендіктен осындай әрекетке барған. Қазір дәрігер жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр, – деп жазды министр.

Сухраб Байметов еңбек жолын жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып бастаған. Қазір ол «103» қызметінде екі жылдан бері еңбек етіп жүр. Әр бригада бір ауысымда орта есеппен 25 шақыртуға шығады.

– Біз шақыртуға шыққанда басты мақсатымыз – адамдарға дер кезінде көмек көрсету. Өкінішке қарай, соңғы уақытта медицина қызметкерлері агрессияға жиі тап болады. Көмектесуге барғанда кей адамдар бізді айқаймен, қорқытып қарсы алады. Бұл – біздің мамандығымыздың қадіріне ауыр соққы, – дейді дәрігер.

Сухраб Байметовтың айтуынша, әрбір дәрігерге жасалған зорлық-зомбылық – денсаулық сақтау жүйесін артқа тартатын қадам. Бұл ертең біреуге уақытында көмек көрсетілмеуі мүмкін дегенді білдіреді, себебі дәрігер кеше соққыға жығылған үйге қайта кіруге жүрексінуі мүмкін.

– Біз ешкімнен алғыс күтпейміз. Батыр да емеспіз, тек өз жұмысымызды адал атқарып жүрміз. Бірақ бізге деген құрмет пен қауіпсіздік – тиімді жұмыс істеудің ең аз талабы болуы тиіс. Өз өмірлерін сақтап жүргендерді де қорғауды халықтан өтінгім келеді, – деді ол.

Емханаларда да ақ халаттыларға дөрекілік танытатындар аз емес. Мысалы, жақында Almaz Medical Group клиникасында терапевт әйелді қарап жатқанда, басқа учаскеге тіркелген ер адам бөлмеге баса-көктеп кіріп, айқайға басқан.

– Басында біз – дәрігер де, медбике де ер адамның ашуына таң қалдық. Кейін оның өз дәрігерінің қабылдау күнін шатастырып алғанын білдік. Өз дәрігерінің бөлмесі жабық тұрған соң, көршілес кабинетке кірген екен, – деді оқиғаға куә болған пациент.

Ұқсас жағдай Павлодар қалалық №1 ауруханасының қабылдау бөлімінде де орын алды. Кезекші емес күні жасы үлкен әйелді әкелген басқа қаланың тұрғынын қабылдаған дәрігерлер науқасты қарап, ЭКГ жасағанымен, ауруханаға жатқызуға себеп таппады. Бірақ науқастың ұлы дәрігерлердің түсіндіруіне құлақ аспай, балағат сөздер айтып, айғайға басты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақ халаттылардың қауіпсіздігін күшейту үшін жаңа шараларды жариялады. Енді стационарлардың қабылдау бөлімдеріне бейнебақылау орнатылады және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге арналған дабыл батырмалары қойылады. Бұған қоса, жедел жәрдем фельдшерлері бейнежетондармен қамтамасыз етіледі. Бұл шешім медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, олардың әрбір шақыртуын тіркеуге мүмкіндік береді.