Ертіс ауданында отбасы он жылдан бері ет өндірісін өркендетуге үлес қосуда

Кәсіпкерлердің қол астында оннан астам адам еңбек етіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданының тұрғындары Светлана Руди мен оның жұбайы – ет өнімдерін өндіретін шағын отбасылық бизнестің иелері. Олар тез мұздатылған жартылай фабрикаттар, үй жағдайында дайындалған шұжықтар мен ысталған ет түрлерін шығарады.
Светлана Рудидың айтуынша, бұл істі 2016 жылы бастағандарын, оңай болмағанын еске алды. Алайда ерлі-зайыптылардың ет өнімдеріне деген қызығушылығы мен адалдығы оларға өз кәсіптерін ашуға жігер берді.
Қазір олардың өз ет өңдеу цехы мен өнімдерін сататын шағын дүкені бар. Мұнда шикізат қабылдау, өңдеу, мұздату, ыстау және орау сияқты толық өндіріс циклі жүзеге асырылады.
Шикізат тек жергілікті фермерлер мен тұрғындардан алынады. Негізінен сиыр және құс еті пайдаланылады.
– Біз үшін ең бастысы – өнімнің табиғилығы мен сапасы. Ешқандай жасанды қоспа, консервант немесе дәм күшейткіш қоспаймыз. Барлығы таза еттен, үйдегідей дайындалады. Сол себепті өнім бағасы жоғарырақ, бірақ сапасы соған сай, – дейді кәсіп иесі.
Өндірісте дайындалатын өнім түрлері сан алуан: тұшпара мен мантының бірнеше түрі, үйде дайындалған фарш, ысталған ет, тауық еті, қабырғалар, түрлі салаттар мен маринадталған өнімдер бар.
Бүгінде цехта 15 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді. Бұл – отбасылық кәсіптің табыс көзі ғана емес, аудан тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ұсынған игі іс.
– Алғашында жолдасым екеуміз ғана жұмыс істедік. Кейін сұраныс көбейген соң, жұмысшылар алдық. Қазір ұжымымыз шағын болса да, бәріміз бір отбасыдаймыз. Әркім өз ісін жақсы біледі және оны жауапкершілікпен орындайды, – дейді Светлана Руди.
Цехта арнайы жабдықтар мен бөлек ыстау камерасы бар, ал басқа бөлімде пісірілген және маринадталған өнімдер дайындалады.
Кәсіптің алғашқы жылдары қиындықтар болғанымен, ерлі-зайыптылар еңбектің және бірліктің арқасында барлық кедергілерді жеңіп шыққан.