Павлодар облысының үш ауданында тамақ өнеркәсібі көрсеткіштері төмендеген
Азық-түлік өндірісі нақты көлемінің төмендеуі былтырғы құрғақшылыққа байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Дощанов мәлім етті.
– Қазіргі таңда қала және аудандықтармен бірлесе отырып, кәсіпорындарда талдау жүргізілуде. Ағымдағы жылы күтілетін өнім ескеріле отырып, жүргізілген талдау негізінде қалалар мен аудандарда әкімдіктің нақты көлемінде өсім орындау бойынша индикативті көрсеткіштер зерттелетін болады, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол Ертіс пен Шарбақты аудандарында кәсіпорындар тамыз айының аяғынан бастап толық қуаттылығына көшетінін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, аталмыш көрсеткіштердің күрт төмендеуі кәсіпкерлік белсенділік пен ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік бөлімдерінің жұмыстарының дұрыс деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді.
– Кәсіпкер себепсіз өзінің көрсеткішін төмендетпейді. Демек, өнімге сұраныс жоқ. Сұраныс болу үшін әр кәсіпкермен жеке жұмыс істеу керек, – дейді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Ертіс ауданында ұн өндірісі – 42,3 пайызға, Шарбақты ауданында жарма өндірісі 36,5 пайызға азайды. Ал Аққулы ауданы бойынша «Бесқарағай-Әлкей» ЖШС кәсіпорны иесінің ауысуына және қайта тіркеуіне байланысты статистикаға есеп берілмеген.