Павлодарда ұлттық аспаптар насихатталды
Бұл шара ұлттық аспаптар күні қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Баязитов атындағы балалар кітапханасында «Ұлттық аспаптар – ұлттың үні» атты тәрбие сағаты өтті. Шараның басты қонағы – облысқа белгілі домбырашы, сыбызғышы, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі, Павлодар музыкалық колледжінің оқытушысы Ұғыбайдолла Мүфтән.
– Бүгінгі таңда еліміз дамып келе жатыр. Заманға сай ұлттық аспаптар, музыкамыз, қазынамыз дамуы керек. Демалыс уақытына қарамастан балалардың осы аспаптар жайлы білеміз деп келіп жатқандары қуантады, – дейді Ұғыбайдолла Мүфтән.
Музыкант балаларға шіңкілдек, сазсырнай, сыбызғы сынды үрмелі аспаптардың тарихын айтып, ойнап берді. Бұл аспаптардан бөлек әртіс домбыра, шаңқобыз, шертер, сынды аспаптардың шебері.
Шара соңында балалар қобыз және добырада ойнап, өз өнерлерін көрсетті.
Айта кету керек, әр айдың 15 күні облыстық С. Торайғыров атындағы кітапхана мен С.Баязитов атындағы балалар кітапханасы ұлттық дәстүр мен мәдениетті дамыту аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.