Екібастұз әкімі сумен жабдықтау объектілеріндегі жөндеу барысын тексерді
Аян Бейсекин мердігер ұйымға жөндеу қарқынын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram парақшасында жазды.
– Шахтерская көшесі, 23/7 үйінен Царев көшесі, 17, 19 үйлеріне дейін ұзындығы 403 метр ыстық сумен жабдықтау желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде және ағымдағы айдың соңына дейін аяқталады. Аралау барысында негізгі кәріз сорғы станциясына бардық. 2017 жылы мұнда технологиялық жабдықты ауыстырумен толық қайта құру жүргізілді. Электр қуатын өшіру кезінде сорғы станциясының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік қуат генераторын сатып алуды қарастыру иүикіндігін тапсырдым. Сондай-ақ, әріптестеріммен Сәтбаев атындағы арнадан су алу құрылыстарының жай-күйін тексердік. Қалаға берілетін судың сапасын жақсарту үшін бастапқы тұндырғышты салу жобасын әзірлеуді тапсырдым, – деді Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, №2 сорғы станциясында қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл тұтынушыларға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған сорғыларды, электр жабдықтарын, құбырларды ауыстыру, ғимаратты күрделі жөндеу кіреді.
Сонымен қатар, Аян Бейсекин мердігер ұйымға жөндеу қарқынын, сондай-ақ объектідегі адамдар санын көбейтуді және әрлеу жұмыстарын бастауды тапсырды.