Асайын Байханов Республика күнінің тарихи маңызын атап өтті

Асайын Байханов Республика күнінің тарихи маңызын атап өтті

Өңір басшысы павлодарлықтарды Республика күнімен құттықтап, мерекенің тарихи маңызына тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы қазақ мемлекеттілігінің құқықтық негізін қалап, еліміздің тәуелсіздікке бастар жолын ашқанын атап өтті.

Сондай-ақ 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім атаулы күннің тарихи маңызын айқындап, ел егемендігінің құндылығын тағы бір мәрте көрсетті.

– Павлодар облысы үшін бұл мереке – бірлік пен жасампаздықтың, туған өлкенің болашағы алдындағы жауапкершіліктің нышаны. Өңіріміздің әрбір жетістігінің артында тұрғындардың маңдай тері, өз ісіне деген адалдығы мен елімізді одан әрі қуатты әрі табысты етуге деген ұмтылысы тұр. Туған жеріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандардың арқасында ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасының берекесі арта түсуде, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген тұрғындардың еңбегі елдің берекесін арттыратынын атап өтіп, әр шаңыраққа денсаулық, бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.