Павлодардағы АИТВ орталығы: алғашқы жағдайдан бүгінгі күнге дейінгі қажырлы еңбек
Павлодар облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталықтың құрылғанына биыл 37 жыл болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1989 жылдың 1 қыркүйегінде Павлодар облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы алғашқы келушілерге есігін айқара ашты. Сол жылдары зертханада АИТВ-ға ғана емес, гепатитке де талдау жүргізілді. Ал Павлодар облысында АИТВ-инфекциясының алғашқы жағдайы 1996 жылдың желтоқсанында тіркелді. Бұл – Теміртау қаласындағы АИТВ-инфекциясы ошағынан келген инъекциялық есірткіні тұтынушы адам болатын.
Содан бері негізгі міндеттер – АИТВ-инфекциясының таралуының алдын алу бойынша диагностикалық, профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды үйлестіру және жүргізу, АИТВ жұқтырған және ЖИТС-пен ауыратын науқастарға консультациялық-диагностикалық және емдеу-профилактикалық көмек көрсету болып қала береді.
Павлодар облыстық ЖИТС орталығы бірнеше рет ғылыми зерттеулер алаңына айналды. Павлодар облысы республикада алғашқылардың бірі болып АИТВ-инфекциясын электронды бақылау жүйесін енгізді. Американдық Халықаралық денсаулық сақтау одағының қолдауымен инфекцияның тік жолмен берілуінің алдын алу бағдарламасы сияқты пилоттық жобалар жүзеге асырылды.
Біздің өңірде Қазақстан Республикасында алғаш рет АИТВ жұқтырған әйелдерді босандыру кезінде жоспарлы гемостатикалық кесарь тілігі енгізілді. Соның арқасында АИТВ жұқтырған әйелдерден туған сәбилер арасында инфекцияның берілу деңгейі 3,5 есеге жуық төмендеді.
Сонымен қатар, «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша ОАТ (метадон) алатын пациенттерге қызметтер кешенін көрсету жөніндегі жоба жүзеге асырылды.
АИТВ/ЖИТС-пен күрес жөніндегі АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) жаһандық бағдарламасы шеңберінде халықты АИТВ-инфекциясына тексерудің ұлттық тіркелімінің жүйесі әзірленіп, енгізілді.
Бүгінде облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталықтың 2 бөлімшесі (Екібастұз және Ақсу қалаларында), 2 достық кабинеті және 15 сенім пункті бар. Зертхана заманауи жабдықтармен жабдықталған.
Осы жылдар ішінде кәсіби кадрлар құрамы қалыптасты. Мұнда 34 дәрігер және 52 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Орта медициналық қызметкерлердің санаттылығы 90%-ды құрайды. Дәрігерлердің бақылауында АИТВ-мен өмір сүретін 2474 адам бар.
Орталықтың жетістіктерінің қатарында АИТВ-инфекциясын шоғырланған кезеңде ұстап тұру, білікті медициналық көмек көрсету және жұқтыру қаупі жоғары халықтың негізгі топтарына профилактикалық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бар.
Жұмыстағы жетістіктің басты шарты – медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі. Мұнда пациенттерді антиретровирустық терапияны тұрақты қабылдауға, АИТВ таралу қаупін азайтуға, толыққанды отбасылық және әлеуметтік өмір сүруге, дені сау балаларды дүниеге әкелуге ынталандыру маңызды.
Серіктестік материалы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен 2025 жылғы 31 желтоқсанда №25041438 лицензиясы берілді.