Павлодарда облыстық «Шәкәрім оқулары» өтті

Павлодарда облыстық «Шәкәрім оқулары» өтті
Фото: Ертіс дарыны

Аталмыш байқауға облыстың  50-ден астам оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс дарыны» қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, қалада «Шәкәрім оқуларының» облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Бұл байқауда облыс мектептерінен келген 52 оқушы бақ сынады. 

Байқау келесі төрт бағыт бойынша өткізілді: «Мен жаздым өлеңменен бірталай сөз» – Шәкәрімнің өлеңдері мен поэмаларын жатқа оқу; «Ән – өлшеуіш, өлең – күміс» – ақын әндерін орындау;  «Арыңның болсын өлең айнасындай» – жас ақындар сайысы; «Шәкәрім әлемі» – ақынның шығармашылығына, рухани болмысына қатысты ұсынылған тақырыптардың бірін таңдап, эссе жазу.

Байқау қорытындысы бойынша, «Мен жаздым өлеңменен бірталай сөз» бағытында бірінші орынды Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Қосман Жұмабай алды. Ал «Ән – өлшеуіш, өлең – күміс» бағытында І дәрежелі дипломға – Ақсу қаласы Абай атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Аянат Майданова ие болды. «Арыңның болсын өлең айнасындай» бағыты Ақсу қаласы Ю. Гагарин атындағы  мектептің 9-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш жеңімпаз атанса, «Шәкәрім әлемі» бағытында жеңімпаз атанған - Ә.Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы Аяулым Солтанмурат.