Павлодарлық дәрігер: «Көмек көрсету тарифі бойынша жалақы көтерілмеді»
Павлодарлық дәрігер: «Көмек көрсету тарифі бойынша жалақы көтерілмеді»
Бұл жөнінде облыстық қоғамдық кеңесі төралқасының отырысында сөз қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиын барысында сапасыз медициналық қызмет көрсетудің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы талқыланды.
Павлодар облысының басқармасы Медициналық бақылау комитетінің департаментіне медицина қызметкерлерінің біліктілігін растайтын, сондай-ақ цифрлық құжаттарды кодтауға негізделген ұсыныс хат жолдады.
– Денсаулық сақтау жүйесіне жүктеме өте үлкен. Мәдениетпен де, спортпен де, тіпті біліммен де салыстыруға болмайды. Ең бастысы, ортақ жауапкершілік болуы керек. Бұл ортақ жауапкершілік жоқ, – дейді Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова.
Оның айтуынша, бүгінде эпидет кезінде жедел жәрдем бойынша 1000 шақыру түседі. Соңғы үш жыл бойы дәрігерлердің жалақысы отыз пайызға, медицина қызметкерлерінің жалақысы жиырма пайызға өсті. Ал көмек көрсету тарифі сол деңгейде қалды – жалақы көтерілмеді.
– Министірлікке де, «Аманатқа» да жаздық. Алайда жауап келмеді. Сол себепті, қызметкерлер де тапшы, – деп бөлісті басшы.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 29 қаңтарында Павлодар облысы еңбек басқармасы басшысының қатысуымен медициналық ұйымдар үшін белгіленген қызмет уақытының лимитінен асып кетуді болдырмау және медициналық ұйымдардың қосымша жалақысы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, 2024 жылғы 21 қаңтарда денсаулық сақтау басқармасы медициналық жабдықты сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне ұсынымдармен хат жолдады. Жауап әлі келмеді.