Павлодар облысында «Баянтау» спорт кешеніндегі жөндеу жұмыстары сынға алынды

Павлодар облысында «Баянтау» спорт кешеніндегі жөндеу жұмыстары сынға алынды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Мердігерге жұмысты сапалы аяқтау міндеттелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков «Баянтау» спорт кешеніндегі күрделі жаңғырту барысын бақылап, нысандағы жұмыстардың орындалу сапасын тексерді.

Қазір ғимараттың 2013 жылы салынған шатыры жаңартылып жатыр. Мамандардың мәліметінше, жабын 2016 жылдан бері су өткізіп келген. Бүгінде қарастырылған жұмыстардың шамамен 80 пайызы орындалған.

Алайда жуырда жауған нөсерден кейін ғимарат ішіне су кіріп, гимнастика залының едені зақымданған. Қала басшысы бұл жағдайды жөндеу үдерісінің дұрыс ұйымдастырылмауымен байланыстырды.

Жақында болған қатты жауыннан кейін нысанға су кірді. Бұл – жұмыстарды жүргізу барысында кеткен кемшілік. Қазір еденнің жағдайы өте нашар. Бұған жол беруге болмайды. Бұл – қаладағы балалар жаттығатын жалғыз гимнастика залы. Зал толық қалпына келтірілмейінше, мердігерге ешқандай төлем жасалмайды. Барлығын ашып, кептіріп, қайта қалпына келтіріңіздер, – деді Хасар Хабылбеков.

Қала әкімнің айтуынша, мердігер компанияға осы уақытқа дейін келісімшарттағы қаржының 30 пайызы ғана аударылған. Қалған қаражат нысан толық әрі талапқа сай тапсырылғаннан кейін төленеді.

Сонымен қатар, газ жүйесі іске қосылған соң ғимаратқа техникалық сараптама жүргізіліп, атқарылған жұмыстардың сапасы тексеріледі. Қазіргі жағдайға байланысты мердігер ұйымға қатысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатыр.