Тегіңізді қазақшалап, телефон ұтыңыз! Баянауылда ерекше ұтыс өтуде
Жүлдеге SAMSUNG A34 маркалы екі смартфон тігіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, ұтыс ойынын «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша Баянауыл аудандық филиалы жариялады.
Байқауға аты-жөні бұрыннан қазақша болған азаматтар қатыса алмайды. Ұтысқа 16 жастан бастап әрбір Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
– «Тегіңізді қазақшалап телефон ұтыңыз» атты ұтыс ойынының шарттары бойынша аты-жөніңіз бен тегіңізді халыққа қызмет көрсету орталығына барып қазақшалайсыз. Одан кейін 1414 нөмірінен келген хабарламаны скриншот жасап, ескі және алмастырылған аты-жөніңіз бен мекенжайыңызды толық жазып, 87056002260 whatsapp нөміріне жолдауыңыз қажет, – дейді ұйымдастырушылар.
Ұтыс ойыны 2024 жылдың 1 ақпанынан 18 наурыз аралығында өтеді. Жеңімпаздар qazaqtili_qogamy_baianauyl Instagram парақшасында тікелей эфирде анықталады. Сол себепті көрсетілген парақшаның тіркелушісі болуыңыз шарт.
Жеңімпаз 19 наурыз күні сағат 16.00-де арнайы комиссияның қатысуымен qazaqtili_qogamy_baianauyl Instagram парақшасында тікелей эфирде кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталады.
Марапаттау рәсімі Баянауыл ауылында Наурыз мейрамына арналған концерттік бағдарламада өтеді.