Екібастұзда қара түтін: Кәсіпорынға айыппұл салынды

Екібастұзда қара түтін: Кәсіпорынға айыппұл салынды
Фото: pexels.com

Тексеру нәтижесі бірқатар бұзушылықтарды көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ден  қара түтіннен тараған атмосферадағы шығарындыларға қатысты ақпарат тараған. Осыған байланысты ведомство биыл 17 сәуірде  аталған кәсіпорында тексеру жүргізген.

– Кәсіпорынды тексеру нәтижелері бойынша жобалық (технологиялық) шешімді бұзу фактісі анықталды. Атап айтқанда, №15 қазандық агрегатының қабырғаларын герметизациялау қазандық турбиналық цех ғимаратының бос бөліктерінен (терезелер, шатыр, ғимараттың тығыз емес саңылаулары) шаңның шашырауына әкелген. Сондай-ақ, зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша шаңның рұқсат етілген концентрациясының артуы анықталды, – дейді департаментте. 

Аталған фактілерге қатысты  кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің төрт бабы бойынша жалпы сомасы 3 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, № 15 қазандық агрегатының қызметін тоқтата тұру туралы сотқа талап арыз жолданды.

Қазіргі уақытта экология департаменті ластаушы заттар шығарындыларының қайта таралуына ықпал ететін себептерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ ведомствода тексеру нәтижелер бойынша барлық тиісті шаралар қабылданатынын және қажет болған жағдайда жоспардан тыс қайта тексеру тағайындау бойынша іс-шаралар жүргізілетінін айтады.