Павлодардағы қазақ театры - Жетісу жерінде
Жерлестеріміз Алматы мен Талдықорған қалаларына жасаған гастрольдік сапарын бүгін аяқтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры қазіргі таңда Алатау баурайындағы көрермендерімен қауышуда.

Гастрольдік сапарды театр ұжымы Талдықорған қаласынан бастауды жөн көрген. Мұнда театр труппасы 6-7 сәуір күндері Б.Римова атындағы академиялық драма театр сахнасында көрерменмен қауышты. Өнер сапарының шымылдығын С.Левицкийдің «Джудит жасаған қиын таңдау» атты балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоуынан бастауды жөн көрген өнер иелері кішкентай көрермендерін де назардан тыс қалдырмады. Балаларға базарлық ретінде сахналанған «Аладдин» (авт: Б.Шолпанқұл, реж.: Б.Манатбекұлы) ертегісін кішкентай көрермендер жылы қабылдады. Ал екінші күні Қ.Жүнісовтің шығармасы желісінде Жангелді Садықов қойған «Алғашқы махаббат» комедиясымен Талдықорғандағы сапарды түйіндеді.

Ал гастрольдік сапар 8-10 сәуір күндері Алматы қаласында жалғасын тапты.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көсіле өнер көрсеткен жерлестеріміз көрермендердің барлық аудиториясын қамтыды.
Алатау баурайындағы көрермендердің назарына «Аладдин» ертегісінен бастап, Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» әфсанасы (инсц.авт.: Н.Тұрлыбек, реж.: А.Нигманов), «Балам, қашан келесің?..» драмасы (авт: С.Сыбанбай, реж.: Ж.Жұманбай) ұсынылды. Ал бүгін ауқымды сапарды С.Левицкийдің «Джудит жасаған қиын таңдау» атты балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоуы қорытындыламақ.
Театр басшысы Арман Темірбек Жетісу жеріне ең таңдаулы, көрермен мен сыншылардың жоғары бағасын алған қойылымдар таңдалғанын атап өтті.

– Бұлардың ішінде «Ұждан» әфсанасы еліміздің бірнеше қаласында қойылып, фестивальдерде бірнеше жүлдеге ие болған. 2023 жылы ІІ Республикалық «Сын-шын болсын» театр фестивалінде «Үздік ансамбль» номинациясымен, «BIKEN I» - Халықаралық театр фестивалінде Б.Римова атындағы арнайы жүлдесімен, Қазақстан драма театрларының 19-шы республикалық фестивалінде «Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен марапатталған. Ал сол 2023 жылы Мәскеуде өткен халықаралық театрлар фестивалінде «Үздік ансамбль» номинациясын иеленіп қайттық. Шәкәрім атамыз қозғаған мәселе біздің қоғам үшін әлі күнге өзекті, - деді ол.

Арман Темірбек «Балам, қашан келесің?..» драмасы елімізге танымал режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың Ертіс бойындағы дебюттік қойылымы болғанын еске салды. Сонымен қатар, «Джудит жасаған қиын таңдау» - бұл отбасының барлық мүшелеріне ерекше көңіл күй сыйлайтын, көрермендерді ұмытылмастай әсерге бөлейтін, ғажайыптар мен ертегі әлеміне апаратын спектакль-шоу екенін атап өтті.
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры үшін бұл сапар - тек қойылым көрсету ғана емес, жетісулық көрерменмен рухани байланыс орнату, мәдени тәжірибе алмасу болғаны сөзсіз.