Павлодар облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жол апаттары көбейді
Полицейлер оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Қабдылманап Әкебаев мәлім етті.
– Өңірде жыл басынан бері 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңінде 95 жол-көлік оқиғасы болған еді. Ал кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен жол апаттары көбейді. Былтыр 17 дерек болса, биыл 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 32 адам жарақат алды,– деді Қабдылманап Әкебаев.
Оның сөзінше, үш ай ішінде 162 адам зардап шегіп, жетеуі қайтыс болды.
– Сараптама көрсеткендей, соңы адам өліміне әкелген жол апаттары көбінесе жаяу жүргіншілердің белгіленбеген орындардан кесіп өткен, көліктер қарсы қозғалыс жолағына шыққан кезде, жүргізушілер белгіленген жылдамдықты асырғанда, қаңғыбас мал жолға шыққан кезде туындайды,– деді спикер.
Қабдылманап Әкебаевтың айтуынша, қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес жол-көлік оқиғасы екі ай тергеледі. Ал тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орган жұмыс көлемі бойынша үлгермей жатса, тергеу мерзімінің ұзарту тәртібі бар. Ең алдымен үш айға дейін ұзартылады, ал үш айдан жоғары мерзім болса, облыстық прокуратураның рұқсатымен бір жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар.