Павлодарлықтар өздерінің жеке кәсіпкерлігін қалай тіркей алады?

Қадағалау органында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге есеп беру және салық төлеу мерзімдерін мұқият қадағалауға кеңес берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖК міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Оны онлайн түрде eGov.kz, e-license.kz порталдарында, «Е-salyq бизнес» мобильді қосымшасы мен екінші деңгейдегі банктердің Kaspi.kz, Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асыруға болады.
Жеке кәсіпкер жалпыға бірдей белгіленген заңнама шеңберінде қызмет жүргізуге, салық есептілігін уақытылы тапсыру және салықтар мен міндетті төлемдерді төлеуге және салық есебін жүргізуге міндетті.
Салықтық түсіндіру жұмысы басқармасында салық салу нысанын таңдау қажеттілігіне баса назар аударылды:
- жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі,
- бөлшек салықтың арнайы салық режимі,
- арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнайы салық режимі,
- патент негізінде арнайы салық режимі,
- белгіленген шегерімді пайдалана отырып, арнайы салық режимі.
Салық салу режиміне байланысты ЖК мыналарды төлеуге міндетті:
- Жеке табыс салығы (ЖТС), бюджеттік сыныптама коды (БСК 101202);
- Әлеуметтік салық (ӘС), БСК 103101;
- Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), БСК 901101;
- Әлеуметтік аударымдар (ӘА), БСК 902101;
- Міндетті медициналық сақтандыру жарналары (МӘМСЖ), БСК 904101;
- Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), БСК 905101;
- ҚҚС белгілі бір айналымнан асқан немесе ерікті тіркелген кезде;
- Жалдамалы жұмыскерлер болған кезде ЖТС және әлеуметтік төлемдерді (МЗЖ, МӘМСЖ, МӘМСА, ӘС, ЖМЗЖ) аударуды жүргізуге.
Салық кезеңі:
- Патент – 1 айдан 1 күнтізбелік жылға дейін;
- Тіркелген шегерім - күнтізбелік жыл;
- Арнайы мобильді қосымша -1 ай;
- Жалпы белгіленген режим - күнтізбелік жыл;
- Оңайлатылған декларация – жартыжылдық.
Патент алған кезде есепті дереу жіберу керек, тіркелген шегерімдермен – тоқсан сайын. Салық салудың оңайлатылған режимі кезінде ЖК жарты жылда бір рет, жалпыға бірдей белгіленген режимде – тоқсан сайын есеп беруге міндетті. portal.kgd.gov.kz сайтында немесе салық төлеушінің кабинеті арқылы өзекті мерзімдерді тексеруге болады.
Салық төлеушіге барлық тапсырылған есептер мен түбіртектердің көшірмелерін сақтауға, салық төлеушінің кабинетінде хабарламаларға жазылуға, техникалық ақаулар кезінде скриншоттар түсіруге және Мемлекеттік кірістер комитетінің қолдау қызметіне жүгінуге кеңес беріледі.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мәліметінше, өңірде 2025 жылдың басынан бастап 5600-ден астам жеке кәсіпкер тіркелген.