Павлодардың сыртқы саудасында Қытай көш бастап тұр

Павлодардың сыртқы саудасында Қытай көш бастап тұр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақтың сыртқы сауда айналымы 2,2 млрд доллардан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылдың алғашқы алты айында Павлодар облысының сыртқы сауда айналымы 2 млрд 249 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Тусетаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдің сыртқы сауда құрылымында экспорт басым. Жалпы тауар айналымының 87 пайызы экспортқа, ал 13 пайызы импортқа тиесілі.

Сонымен қатар, сыртқы сауданың физикалық көлемі де өскен. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 1 млн 813 мың тоннаны құраса, биыл 1 млн 815 мың тоннаға жеткен.

– Импорт құрылымында Қытай көш бастап тұр. Бұл елден өңірге жеткізілетін тауарлар жалпы импорттың шамамен 33 пайызын құрайды. Негізінен машиналар мен өндірістік жабдықтар әкелінеді. Германиядан импорттың 18 пайызы жеткізіліп, өндірістік жабдықтар, арнайы техника және қосалқы бөлшектер тасымалданады, – деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ Швейцария, Корея және Украинадан механикалық бұйымдар мен өндірістік пештер импортталған. Украинадан бу турбинасы жеткізіліп, оның үлесі жалпы сыртқы сауда айналымының шамамен үш пайызын құрады.

Экспорт бойынша да Қытай өңірдің негізгі сауда серіктесі болып отыр. Бұл елге жалпы экспорттың 69 пайызы жөнелтіледі. Негізгі экспорттық өнімдер қатарында ферроқорытпа, мыс концентраты және дәнді дақылдар бар.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының өнімдері Түркия, Жапония, Италия және Өзбекстанға экспортталады. Бұл мемлекеттерге легирленбеген алюминий, ферроқорытпа, катанка, бидай және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі.