Павлодарда 200-ден астам электр самокат айыппұл тұрағына қойылды
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы басталғалы полицейлер жол қозғалысы ережесін бұзған электр самокат жүргізушілеріне бақылауды күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы 11–16 шілде аралығында өтуде. Осы уақыт ішінде полицейлер электр самокат жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше назар аударуда.
– Күн сайын электр самокаттар айыппұл тұрағына қойылады. Негізгі себептердің бірі – тіркеу нөмірінің болмауы. Бүгінде жалға берілетін барлық электр самокат тіркеу нөмірімен жабдықталуы тиіс. Камералар жол қозғалысы ережелерін бұзған самокаттарды анықтай алады. Алайда, олардың барлығы әзірге полицияның дерекқорымен толық біріктірілмегендіктен, құқық бұзушыларды қолмен анықтауға тура келеді, – деді Қуаныш Мұстафинов.
Тәртіп сақшысының айтуынша, электр самокат жүргізушілері де жол қозғалысына қатысушылар ретінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
– Жолдың жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш шлемін киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі. Қозғалыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Ал тротуарда жүрген кезде жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан жоғары емес жылдамдықпен қозғалу қажет, – деді ол.
Сонымен қатар электр самокатпен екі адамның бірге жүруіне, жолаушы немесе жүк тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге, сондай-ақ түнгі уақытта жолдың жүру бөлігінде жарық шағылыстыратын элементтерсіз қозғалуға тыйым салынады.
Облыста күн сайын кәмелетке толмағандардың электр самокатты басқару деректері анықталып жатыр. Құқық бұзушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік шаралар қолданылады.
Биыл Павлодар облысында электр самокаттардың қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, кикшеринг компанияларынан электр самокаттарды ұрлау фактілері бойынша да өтініштер түскен.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 785-бабына сәйкес, құқық бұзушылық анықталған жағдайда электр самокат уақытша тәркіленіп, айыппұл тұрағына қойылады. Кейбір құқық бұзушылықтар үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Еске сала кетейік, 25 тамыздан бастап Қазақстанда электр самокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Сонымен қатар жолдың жүру бөлігіне тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш шлемін пайдаланатын азаматтарға ғана шығуға рұқсат етіледі.