Ертістен Солтүстік теңіз жолына: Павлодарда жаңа жүк бағыты талқыланды
Қазақстан, Ресей және Қытай арасындағы жүк тасымалын дамыту үшін өзен, теміржол және автомобиль жолдарын бір жүйеге біріктіру ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумының негізгі тақырыптарының бірі Ертіске халықаралық көлік артериясы рөлін қайтару болды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірлерді талқылаудан нақты жүк жобаларын іске асыруға көшуге шақырды.
Өңір басшысының айтуынша, Павлодар өзен порты ірі көлемдегі жүктермен жұмыс істеуге қажетті инфрақұрылымға ие. Ал өзенде кеме қатынасын дамыту үшін тұрақты жүк ағынын қалыптастыру қажет.
– Ертіс өзені арқылы тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді болатын жүктердің тізбесін бірлесіп айқындап, тұрақты жүк бағыттарын қалыптастыруға көшу қажет, – деді Асайын Байханов.
Павлодар облысында Ертіс арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асайын Байханов трансшекаралық учаскеде қажетті тереңдікті қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстарды Ресеймен үйлестіруді ұсынды.
Өзен тасымалының мүмкіндігін Омбы облысы да халықаралық бағыттармен байланыстырып отыр. Губернатор Виталий Хоценко Ертіс пен Обь арқылы Ресейдің солтүстік өңірлеріне және одан әрі Солтүстік теңіз жолына шығу мүмкіндігіне тоқталды.
– Қазір ең жоғары деңгейде Солтүстік теңіз жолын дамыту белсенді талқыланып жатыр. Бізде оған Ямал арқылы қысқа бағытпен шығудың бірегей мүмкіндігі бар: Ертіс, Обь және одан әрі Кар теңізі. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек, – деді Виталий Хоценко. Бұл бағыт тек солтүстікке жүк жеткізумен шектелмейді. Форумда Ертіс арқылы өтетін Қытай – Қазақстан – Ресей көлік дәлізін дамыту мәселесі де қарастырылды.
Виталий Хоценконың айтуынша, шілде айында Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Омбы облысында кедендік инфрақұрылымы бар мультимодальды көлік торабын құру жобасы талқылана бастаған. Ол Ертіс арқылы өтетін Қытай – Қазақстан – Ресей дәлізінің бір бөлігі болуы тиіс.
Жобаның жүзеге асуы тұрақты жүк ағынына байланысты. Сондықтан кәсіпорындармен бірге жаңа бағытпен тасымалдауға болатын тауарларды, олардың көлемін және инфрақұрылымға қажеттілікті анықтау ұсынылды.
Омбы облысынан Қытайға қазір каучук, техникалық көміртек және мұнай-химия саласының басқа да өнімдері жөнелтіледі. Виталий Хоценконың айтуынша, бұл жүктер теміржолмен Владивостокқа жеткізіліп, кейін теңіз жолымен Қытайға жөнелтіледі. Ертіс арқылы балама бағыт пайда болған жағдайда логистикалық тізбек өзгеруі мүмкін.
– Егер біз айтарлықтай қысқа, экономикалық жағынан тиімді әрі логистикасы жеңіл балама бағыт ұсына алсақ, кәсіпорындар оған ауысуға дайын болады деп сенемін, – деді Омбы облысының губернаторы.
Жаңа жүк ағыны өзен флоты мен порттардың мүмкіндігін кеңейтуді де талап етеді. Омбы облысы осы бағытта жаңа кеме жасау өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.
– 2030 жылға қарай Омбы өзен портының базасында «өзен – теңіз» класындағы кеме жасау зауыты салынады. Онда жүк көтергіштігі 2500-ден 5000 тоннаға дейінгі баржалар шығарылады, – деді Виталий Хоценко.
Жаңа кәсіпорынның өнімі құрылыс материалдарын, ірі габаритті және басқа да жүктерді тасымалдауға пайдаланылмақ. Омбы облысының басшысы бұл жобаны қазақстандық кәсіпорындармен өндірістік кооперацияны кеңейтудің бір мүмкіндігі ретінде қарастыратынын айтты. Серіктестік комплектілеуші бөлшектерді жеткізуден бастап, Ертістегі флотты бірлесіп пайдалануға дейінгі бағыттарды қамтуы мүмкін.
Павлодар тарапы жүк тасымалын цифрландыруды да ұсынды. Оның ішінде жүктерді қадағалау, электрондық құжат айналымын енгізу, шекара және кеден рәсімдерін үйлестіру бар.
– Бүгінде бизнес үшін жеткізу жылдамдығы мен болжамдылығы тасымалдау құны сияқты маңызды. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту цифрлық интеграциямен және келісілген шешімдермен қатар жүруі тиіс, – деді Асайын Байханов.
Жаңа бағыттарды дамытуға екі өңір арасындағы қазіргі сауда көлемі де негіз болып отыр. Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, Ресей – облыстың сыртқы саудадағы негізгі серіктесі. 2025 жылы тауар айналымы 1,6 миллиард АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың алғашқы алты айында көрсеткіш 720 миллион долларға жетті.