Павлодарлық ұстаз: Жасанды интеллект жәй ғана көмекші

Павлодарлық ұстаз: Жасанды интеллект жәй ғана көмекші
Фото: автор

Тәлімгер 30 жыл көлемінде бірде-бір мектеп ауыстырмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ұстаз болу жүректің қалауы, тағдырдың таңдауы. Шәкірт өсіру кез келген жанға жүктелмейтін ерекше миссия. Ұрпақтың бойына біліммен бірге тәрбие сіңіріп, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашатын жандардың бірі – Бағда Қазиева. Ол дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың бейіндік істер жөніндегі орынбасары, педагогика саласында 30 жылдық тәжірибесі бар ардақты ұстаз.

Бағда Қазиеваның айтуынша, таңдаған мамандығы кездейсоқтық емес. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатысып, әдебиетке деген қызығушылығын терең сезінген. Осы сүйіспеншілік оны ұстаздық жолға жетеледі.

Ол 1992 жылы Павлодар педагогикалық институтына түсіп, кейін Торайғыров университетінде оқуын жалғастырып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша диплом алды. Сол кездері жас мамандарға «бөлу» жүйесімен жолдама берілетін. Осылайша 1996 жылы Абай атындағы лицейге жіберілген Бағда Әділханқызы содан бері туған мектебінде табан аудармай еңбек етіп келеді.

Ұстаздың сөзінше, 30 жылдық еңбек жолында ұстаздық қызметпен қатар, мектептің басқару ісіне де үлесін қосты. Алдымен он алты жыл бойы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, мектептің рухани-мәдени өмірін дамытуға еңбек етті. Қазіргі таңда директордың бейіндік істер жөніндегі орынбасары ретінде білім беру сапасын арттыру бағытында жұмыс істеп жүр. 

– Мектеп – екінші үйім. Осы жылдар ішінде әріптестеріммен бірге талай қиындықтарды еңсердік, жетістіктерге жеттік. Бір мектепте отыз жыл жұмыс істеу – мен үшін тағдырдың сыйы әрі үлкен жауапкершілік, – дейді ол.

Бағда Қазиева үшін ұстаздық – жай мамандық емес, ол – өмірлік миссия. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту ерекше жауапкершілікті талап етеді. 

– Әдебиетті оқытатын мұғалім ең алдымен шығарманы өзі жүрегімен сезінуі керек. Оны қайталап оқып, мәніне терең бойламаса, шәкіртке бере алмайды. Әдебиет – сөздің құдіретін, ұлттық болмысты, адамдық қасиеттерді ұғындыратын қазына. Сондықтан әр сабақта тек мәтінді талдап қана қоймай, оны қазіргі заманмен байланыстырып, балалардың ойына ілім қосуға тырысамын, – дейді ұстаз.

Оның сабақтары диалогқа, пікірталасқа, шығармашылық ізденіске құрылады. Балалар ұстазын: «Сіз сабақтың басынан аяғына дейін сөйлейсіз, бірақ бізді де сөйлетесіз» деп сипаттайды. Бұл – мұғалімнің шәкірттерді ойлануға, сөйлеуге, пікірін білдіруге үйреткенінің айғағы.

Бағда Қазиева  – өмір бойы оқу қағидатын ұстанатын ұстаз. Жаңартылған білім мазмұнын да, заманауи технологияларды да қабылдап, үнемі дамуға ұмтылады. Соңғы жылдары білім беру саласына еніп жатқан жасанды интеллект құралдарын да тиімді пайдалануды үйреніп жүр. Мәтіндерге талдау жасау, тест құрастыру, кері байланыс алу секілді жұмыстарда уақытты үнемдеуге септігін тигізетінін мойындайды. 

– Жасанды интеллект көмекші ғана. Ол ешқашан мұғалімді алмастыра алмайды. Нағыз ой мен шынайы тәрбие тек адам жүрегінен туады. Жасанды интеллектке сенуге болады, бірақ сенің ойыңды,жұмысыңды немесе ісіңді жасап бермейді, себебі ол аты айтып тұрғандай жасанды, – деп өз көзқарасын білдіреді мұғалім.

Ұстаздың ұстанымы – тәрбиесіз білімнің құны жоқ. Әр сабағында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ана тіліміздің қадірін ұқтырып, сөз өнерінің құдіретін танытуға тырысады. 

Бағда Қазиева – екі баланың анасы. Ұлы қазіргі таңда медициналық университетте оқиды. Ұстаздық қызметтің жауапкершілігі кейде өз отбасына аз уақыт бөлуге мәжбүрлейтінін жасырмайды.

– Кейде өз баламнан гөрі өзгенің баласына көбірек көңіл бөлемін. Бірақ бұл – ұстаздықтың заңдылығы. Дегенмен, қайда жүрсем де ана ретінде балаларымды қолдауға тырысамын, – дейді ол.

Бағда Қазиева – үш онжылдық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнап келе жатқан ардақты ұстаз. Оның өмір жолы – адалдықтың, табандылықтың, білімге деген сүйіспеншіліктің үлгісі.

Бүгінгі күні ол өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, шәкірттеріне де, әріптестеріне де үлгі болып отыр.