Павлодарлық түлек: «Сүйіп оқысаң, кез келген пән оңай болады»

Павлодарлық түлек: «Сүйіп оқысаң, кез келген пән оңай болады»
Фото: Ақмарал Есімханова

Дильбархон Сулайманова өңірдің дарынды оқушылар қатарында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының Қызылжар ауылының орта мектебінің түлегі Дильбархон Сулайманова үшін мектеп қабырғасындағы 11 жыл тек білім алумен ғана емес, үздіксіз ізденіс пен табандылықтың мектебіне айналды. Бүгінде ол республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанып, ұлттық бірыңғай тестілеуден 136 балл жинап, қатарластарына үлгі болып отыр.

Дильбархонның білімге деген қызығушылығы ерте жастан қалыптасқан. Әсіресе, орыс тілі мен әдебиеті пәніне деген сүйіспеншілігі оны талай белесті бағындыруға жетеледі.

– Мен кішкентай кезімде орысша еркін сөйлей алмайтынмын. Тіпті бұл пәнді қиын деп есептейтінмін. Бірақ мектепке келген соң ұстаздарым орыс тіліне деген қызығушылығымды оятып, қабілетімді дамытуға көмектесті. Кейін бұл пән менің сүйікті сабағыма айналды. Шын ықыласпен оқыған кезде кез-келген нәрсе оңай болатынын түсіндім, – деді мектеп бітіруші түлек.

Жас дарын жетінші сыныптан бастап олимпиадаларға қатысып келеді. Сол уақыттан бері түрлі деңгейдегі білім додаларында бақ сынап, жоғары нәтижелер көрсеткен. Оның ішінде республикалық ауыл олимпиадасындағы жеңісі ерекше орын алады.

– Өткен жылы республикалық ауыл олимпиадасына қатысып, бірінші орын иелендім. Бұған дейін де түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болдым. Бұл жетістіктердің барлығы ұзақ жылғы еңбектің жемісі деп білемін, – деді Дильбархон Сулайманова.

Оның айтуынша, табыстың басты сыры – жүйелі дайындық пен уақытты дұрыс жоспарлау.

– Дайындық барысында нақты жоспар құрып, күн сайын білімімді жетілдіруге уақыт бөлдім. Конспект жазып, кестелер мен сызбалар жасадым. Өз қателіктерімді талдап, олармен жұмыс істеуге тырыстым. Сонымен қатар, «Помодоро»  әдісін қолдандым. Бұл тәсіл уақытты тиімді пайдаланып, зейінді шоғырландыруға жақсы көмектесті, – деп құпияларымен бөлісті дарынды оқушы.

Жетістіктерге жету жолында ұстаздарының қолдауы ерекше болғанын жас түлек ризашылықпен айтады. Түрлі олимпиадаларға өздігімен дайындалса да, мұғалімдері әрдайым қасынан табылып, оған бағыт-бағдар беріп, бойына сенім отын ұялатып отырды. Осындай қолдаудың арқасында жас зияткер өзінің күшіне сеніп, ғылыми додалардың шындарын бағындыра берді.

Дильбархонның жетістіктері туралы оның ұстаздары да ерекше мақтанышпен айтады. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің ұстазы, жас зияткерді дайындаған жетекші Айнұр Темірбаеваның пайымдауынша, ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ білімге құштарлығымен, жауапкершілігімен және еңбекқорлығымен ерекшеленген.

– Дильбархон – өте талантты, еңбекқор әрі жауапты оқушы. Ол бесінші сыныптан бастап-ақ оқуға деген жоғары қызығушылығын, ізденімпаздығын көрсетті. Біз оның қабілетін ерте байқап, жан-жақты қолдауға тырыстық. Мектептегі барлық жылдарында ол табандылық танытып, алдына қойған мақсаттарына жету үшін аянбай еңбек етті. Өзінің қажырлы еңбегі мен білімге деген байыпты көзқарасының арқасында ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, басқа оқушыларға үлгі бола білді, – деді Айнұр Темірбаева.

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде ол 136 балл жинап, мектептегі үздік түлектердің қатарына енді. Бұл нәтиже оның көп жылғы еңбегі мен табандылығының айқын көрінісі болды.

– ҰБТ-дан 136 балл жинадым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Себебі әрбір балдың артында күнделікті дайындық, ұйқысыз түндер мен үлкен жауапкершілік тұр. Бұл нәтиже мақсатқа жету үшін еңбектенудің маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. Тестілеуде орыс тілі мен әдебиетін бейінді пәндер ретінде таңдадым. Болашақта ұстаз болғым келеді, – деді Дильбархон Сулайманова.

Қазір ол еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне түсуді жоспарлап отыр. Мектеп бітіруші түлек Павлодар, Астана және Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламарын жіті қарап, зерттеп отыр. Болашақ мамандығын таңдауда да білім мен дамуға басымдық бермек.

Өзінің жетістіктерімен қатар Дилбархан қатарластарына да ақжарма тілегін жеткізді. Оның сөзінше, кез-келген адам өзінің арманына және алдына қойған мақсатына жете алады. Ол үшін тек өзінің күшіне сену керек.

Еске сала кетейік, бұған дейін павлодарлық дарынды оқушыларға құрмет көрсетілді. Жас зияткерлерге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Алғыс хаттар табыстап, ақшалай сыйақы берді. Биыл Ертіс-Баян өңірінің оқушылары республикалық және халықаралық білім додаларында 307 медаль жеңіп алды. 

Осылайша Павлодар облысы «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды.