Павлодарлық оқушылар жазда жасанды интеллектіні меңгереді

Павлодарлық оқушылар жазда жасанды интеллектіні меңгереді
Фото: pexels.com / Matheus Bertelli

Маусым айында арнайы жазғы мектеп ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәслихат баспасөз қызметінің мәліметінше, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Отырысты облыстық мәслихат депутаты, Павлодар облысының Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова жүргізді.

– Депутаттар каникул кезеңінде балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, сондай-ақ өңірдегі инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін қарады. Негізгі баяндамалармен облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова мен Павлодар облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев сөз сөйледі, – делінген хабарламада.

Мәслихатта атап өткендей, сапалы, қауіпсіз әрі пайдалы жазғы демалысты ұйымдастыру мақсатында білім беру басқармасы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын қамтитын кешенді бағдарлама әзірледі. 

– Оның негізінде облыс қалалары және аудандары өз бағдарламаларын дайындады. Балалардың қауіпсіздігі, сауықтырылуы және жұмыспен қамтылуы мектеп, отбасы және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын талап ететіндіктен, ата-аналар қауымдастығымен өзара іс- қимылға ерекше назар аударылды, – деді мамандар.

Ағымдағы жазғы маусымда 12 мыңнан астам оқушы мен студент жұмысқа тартылады деп жоспарлануда.

Биылғы жаздың басты ерекшелігі – мектеп оқушылары арасында ІТ саласын насихаттау және жасанды интеллект құралдарын енгізу. Маусым айында Ақпараттық технологиялар колледжінің базасында 5–9-сынып оқушыларына арналған «Prompt AI Lab» жазғы мектебі ашылады.