Павлодарлық әскери бөлімдердің бірінде екі баланың анасы қызмет атқарады

Павлодарлық әскери бөлімдердің бірінде екі баланың анасы қызмет атқарады
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы

Ол бұл бөлімде қойма бастығы лауазымына ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстағы  6679   әскери  бөлімінде   қалтқысыз  қызмет  еткен жауынгер арулардың  бірі – ефрейтор  Ақерке  Қажымұратова.  Әскери  бөлімнің   байланыс  қойма  бастығы  лауазымында   қызмет  ететін  нәзік жандының  жауынгерлік  қабілеті  жұрт сүйсінерлік.  Қарағанды  облысы  Қарқаралы   ауданында  дүниеге  келген ол   мемлекеттік қызметшілер  отбасында  өсіп өнген.  

Қанша шәкірттің   жүрегінен   орын  алған  ұстаздың  қызы  қару-жарақ асынып, ақсауыт киген  әке жолын таңдаған.  Алғашқы  қызметін 2014 жылы  Қарағанды  қаласындағы  Төтенше жағдайлар  министрлігінің  52859  әскери бөлімінде  құпия бөлім қызметінің маманы ретінде  бастаған.  

–   Менің  әкем  әскери  қызметкер  болды.  Анам  –  мұғалім.  Қазақта   «Әке   көрген  оқ жонар,  шеше көрген тон пішер» дейді.   Бала кезімде  барлығы  мені   анам  сияқты   ұстамды  ұстаз  болуды  армандайтын болар деп ойлайтын.  Өйткені,  менің  шешем  мектепте  үлгілі,   көрген жанның  көзі тойып,  көзайымына  айналатын   тұлға   ретінде   жұртқа танымал еді,  –  дейді ефрейтор Ақерке Қажымұратова.                           

Ол 2018 жылы  Ұлттық ұланның   6679 әскери  бөліміне ауысады.  Жауынгер әйел қазіргі таңда   Павлодар  қаласындағы   6679  әскери  бөлімінің  байланыс  қойма бастығы лауазымында қызмет атқаруда.  Бос уақытында  тамақтың  түр-түрін әзірлеуге жаны құмар  қос  баланың анасы  Ұлттық ұлан қатарында  қызмет етуді мақтаныш санайды.