Кәсібін ашқысы келетін павлодарлықтарға қайтарымсыз гранттар беріледі
Ол үшін тұрғындар бірнеше талапқа сай болуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өз кәсібін ашуға ниеттенген азаматтар үшін 400 АЕК, яғни 1 миллион 476 мың теңге қайтарымсыз гранттар екі кезеңде беріледі. Бірінші кезеңге өтініштерді қабылдау сәуір айының 8-інен 19-ына дейін өтеді. Екінші кезең 15-26 шілде аралығында болады. Қайтарымсыз гранттар тек әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі. Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың келесі санаттарының біріне тиесілі болу қажет:
- жұмыссыз болып тіркелу;
- үш жыл жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеу.
Өтініштер тек онлайн түрінде business.enbek.kz сайтында қабылданады. Порталда өтініштерді қабылдау мерзімі екі кезеңде де 10 жұмыс күнін құрайды.
Былтырғы көрсеткіштердің қорытындысы бойынша қайтарымсыз грантқа 464 адам ие болды. 2024 жылға мемлекеттік гранттар беру бойынша жоспарлы көрсеткіш 443 азаматты құрайды.