Усолка көпірі мен ғашықтар жұбы жаңа муралдың өзегіне айналды
Алматылық суретшілердің тағы бір туындысы Павлодар көшелерінің сәніне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Өнерлі шаһар» жобасы аясында «PVL Moments» атты муралдың жұмысы аяқталды. Көркем туындыда қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы таныс әткеншекте отырған ғашық жұп бейнеленген.
Композицияның негізгі бөлігіндегі екі жастың бейнесін Усолка көпірі мен Ертіс өңірінің әсем табиғаты толықтырады. Осы арқылы суретшілер туған жерге деген сүйіспеншілікті, оның табиғаты мен мәдени ерекшеліктерін көркем бейнелеуге тырысқан.
Муралдың негізгі идеясы – адам сезімі арқылы туған жерге деген құрметті жеткізу. Сонымен қатар туынды қоршаған ортаға ұқыпты қарап, табиғи және мәдени мұраны сақтаудың маңызын көрсетеді.
Бұл идеялар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндеседі. Атап айтқанда, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалықты сақтау және туған өлкенің көркеюіне әр адамның жауапкершілікпен қарауы насихатталады.
Бұл Алматы қаласынан арнайы келген суретшілердің кезекті жұмысы.
Еске сала кетейік, осы аптаның басында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында «Тура жолдан тайма!» деген тақырыппен салынған муралдың әрлеу жұмысы аяқталған болатын. Мурал Павлодар қаласы, Ш. Құдайбердіұлы көшесі, 1 мекенжайында, салынып жатқан жаңа мектептің жанында орналасқан.