Павлодарлық фермерлерге субсидия беріледі

Павлодарлық фермерлерге субсидия беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тауар өндірушілері субсидияға қорытындыларды алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл басынан бастап Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы арнайы комиссия тауар өндірушілердің нысандарына бару қорытындылары бойынша 27 қорытынды берді. «Атамекен» өңірлік палатасы берген қорытындылардың 19-ын сүт-тауар фермалары, жетеуін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері, біреуін ет өңдеу кәсіпорны алды.

– Субсидия алуға үміткер тауар өндірушілер арнайы комиссияның ереже талаптарына сәйкестігіне қорытынды алуға міндетті. Бұл міндеттеме Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен бекітілген асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында көрсетілген, – деп түсіндірді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Субсидияларды сүт дайындаумен айналысатын құс фабрикалары, бордақылау алаңдары, ет өңдеу кәсіпорындары, тауарлы сүт фермасы және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ала алады.

Комиссияның құрылу және жұмыс істеу рәсімі «Атамекен» ұлттық палатасының шешімімен регламенттеледі және өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық салалық одақтардың, қауымдастықтардың, республикалық палаталардың өкілдерін және жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің мамандарын қамтиды.