Павлодардағы жаңа көпірдің жартысынан астамы салынды
Қазір құрылысшылар жобаның ең күрделі кезеңдерінің бірін жүзеге асыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы көпір құрылысында бүгінде барлық алты тірек толық тұрғызылған. Мамандар қазіргі уақытта аралық құрылымды салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Көпір теңгерімді бетондау әдісімен салынып жатыр. Бұл технология бойынша құрылым бірнеше секциядан құралады. Әр секцияның салмағы 250 тоннаға жетеді. Темірбетон конструкциясының ені 32 метр, ұзындығы төрт метрді құрайды.
– Қазіргі таңда көпірдің аралық құрылымының жалпы ұзындығы 678 метрдің 376 метрі салынды. Әрбір бетон құйылған секция жоғары беріктікті арматура құймаларымен тартылып, тұтас монолитті құрылымға біріктіріледі, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі.
Жоба аясында аралық тіректерге биіктігі 20 метр болатын пилондар орнатылады. Оларға көпірдің негізгі бөлігін ұстап тұратын он вант бекітіледі.
Әр вант жоғары беріктікті 55 болат стрэндтен тұрады. Мұндай конструкциялар үлкен жүктемелерге есептелген.
Мамандардың мәліметінше, нысан қазірдің өзінде теңгерімді бетондау әдісімен салынып жатқан әлемдегі ең кең көпір ретінде халықаралық инженерлік қауымдастықтың назарын аударып отыр.