Жылу бар, мәселе жоқ: Павлодарда қыс қалай өтті?

Жылу бар, мәселе жоқ: Павлодарда қыс қалай өтті?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2024 жылы жылу жүйесін жаңғыртуға шамамен үш миллиард теңге бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылғы инвестициялық бағдарлама аясында «Павлодар жылу желілері» ЖШС бірқатар маңызды жобаларды іске асырды. Соның ішінде ең ауқымдысы №3 сорғы станциясының №73 орталық жылу пунктіне қайта жабдықталуы болды. 

– Бұл нысан Павлодардың солтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жылыту маусымында Радиозавод пен Лесозавод аудандарында ешқандай жылу мәселесі тіркелген жоқ, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.

Нысан пайдалануға берілгеннен бері 203 техникалық шарт рәсімделіп, жаңа тұтынушылар жылу желісіне қосылды. Жылу жүктемесі сағатына 8,6 гигакалорийға дейін артты.

– Қаланың оңтүстік бөлігінде де ілгерілеу бар. Өткен жазда №20 жылу магистралінің бірінші кезеңі жүзеге асырылып, құбыр диаметрі ұлғайтылды. Астана, Академик Сәтбаев және Академик Марғұлан көшелері аралығында 727,5 метрлік жылу желісі қайта жаңғыртылып, жүйенің сенімділігі мен гидравликалық тұрақтылығы артты, – делінген хабарламада.

Компанияның мәліметінше, жалпы, жылыту маусымына дайындық аясында компания 2,7 миллиард теңге қаражатты қайта жаңғырту және техникалық жабдықтауға бағыттады. Қаражаттың бір бөлігі «Тарифке айырбас ретінде инвестиция» бағдарламасы бойынша тартылды.

2024 жылы жылу компаниясы сонымен қатар 59 бірлік техникамен толықты. Олардың қатарында 2 автошеберхана, 41 тіркеме, 6 генератор, виброкаток, сондай-ақ әртүрлі көлемдегі мотопомпалар бар.

Мамандардың айтуынша, аталған шаралардың арқасында 2024-2025 жылғы жылыту маусымы Павлодарда штаттық, апатсыз режимде өтті. Қаладағы жылу жүйесі бұрынғыдан да сенімді жұмыс істей бастады.