Павлодарлық полицейлер айықтырғышты екі есе кеңейтуді ұсынды

Павлодарлық полицейлер айықтырғышты екі есе кеңейтуді ұсынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл – көшелердегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында қарастырылып жатқан шара, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда уақытша бейімдеу және оңалту орталығында 24 төсек-орын бар. Тәртіп сақшылары күн сайын мас күйінде қоғамдық орындарда жүретін тұрғындарды ұстайды. Ал мереке, демалыс және жұмыс күндерінің кешкі уақытында мас адамдарға байланысты шақыртулардың саны азаймайды. 

– Осыған байланысты полиция департаменті облыстық мәслихатта уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында орын жетіспеушілігі туралы мәселені көтерді. Біз 24 орынды 54-ке дейін ұлғайтуды сұрап отырмыз. Себебі, шақырту көп түскен кезде, орталық лық толы болады, – деді Азамат Күркебаев.

Оның сөзінше, аталмыш өтініш көшелер мен қоғамдық орындарды мүмкіндігінше қауіпсіз етуді көздейді.