Павлодарлық студенттерге алаяқтардың арбауына түспеудің жолдары түсіндірілді
Павлодар облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қаладағы студенттік жатақханаларды аралап, жастармен профилактикалық кездесулер өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілікті еске салып, күнделікті өмірде қауіпсіздікті сақтау жолдарын түсіндірді.
Әсіресе киберқауіпсіздік пен интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне баса назар аударылды. Студенттерге әлеуметтік желілер мен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар, жастарға оңай табыс табуға уәде беретін күмәнді ұсыныстарға сенбеу және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.
– Сондай-ақ жатақханада тұратын жастар арасында салауатты қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын атап өттік. Өзара сыйластық пен келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу – ортақ шаңырақ астындағы тыныш өмірдің басты шарттары, – деді Павлодар қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.
Бұдан бөлек, студенттерге жатақханада және қоғамдық орындарда өзін ұстау ережелері, қала көшелеріндегі жеке қауіпсіздік шаралары, әсіресе кешкі уақытта сақ болу қажеттігі түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері жастарды әрдайым қырағы болуға, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырды.
Кездесу соңында студенттер полиция қызметкерлеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті түсініктемелер алды.
