Екібастұзда жастар ассамблеясы құрылды
Қалалық «Достық үйінде» жаңа жастар ассамблеясына арналған заманауи фронт-офис ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жерде «Ассамблея жастары» ұйымының жаңа филиалы өз бастамаларын жүзеге асырып, түрлі жобаларға қатысып, қала жастарының әлеуетін дамытуға мүмкіндік алады.
Республикалық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Джумурбаевтың айтуынша, енді мұндай өкілдіктер облыстарда ғана емес, қалалар мен аудан орталықтарында да жұмыс істейтін болады.
– Біз Екібастұз жастарының жетістіктерін жақсы білеміз, ал олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау үлкен мағынаға ие. Бұл – жастардың өздері үшін де, жалпы қозғалыс үшін де үлкен мотивация. Сондай-ақ, дәл осы қаладағы өкілдіктің еліміздің ҚХА-ның мерейтойлық жылы аясында ашылуы ерекше мәнге ие, – деді ол.
Қаланың жас ассамблеясын Айдана Тасболатова басқаратын болды. Ұйым құрамына 12 жас азамат кірді, ал жалпы Екібастұздағы «Ассамблея жастары» 50-ден астам жасты біріктірді.
Облыстағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Рамиль Смайылов жастар ассамблеясының ашылуын қоғамдық және этносаралық келісімді нығайтудың маңызды қадамы деп атады.
– ҚХА-ның жастар қанаты – қарқынды дамып келе жатқан құрылым. Ең маңыздысы – бұл бастаманы қаланың жастары мен этномәдени бірлестіктердің белсенділері көтерді, – деді ол.
Ол Екібастұз жастарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Осы күні қалада жастар саясаты жөніндегі кеңес өткізіліп, облыстық «Dostyk Cup-I» турнирі де ұйымдастырылды.