Павлодарлық студенттер «Сөнген шырақ» қойылымын сахналады
Бұл – жас әртістер үшін дебюттік спектакль, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Драмада достар мен аналар арасындағы көріністер, әсерлі әндер мен монологтар қамтылды. Нақтырақ айтқанда, сахнада ана мен бала арасындағы сезім, достық қарым-қатынас және өмірдегі түрлі жағдайлар шағын көріністер арқылы бейнеленді. Қойылымға шамамен 20-ға жуық студент қатысып, әрқайсысы өз рөлін шынайы жеткізуге тырысты.
Қойылым режиссёрі Бауыржан Мұсаевтың айтуынша, негізгі мақсат – көрерменге ананың қадірін дер кезінде түсіндіру.
– Аналарға деген махаббатымызды ашық білдіруді және олардың біз үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізгіміз келді. Мектепте оқып жүргенде анамыздың қолдауы, мерекеге келіп, жанымыздан табылуы бізге кішкентай нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ сол қолдау үлкен өмірге сенімді қадам басуымызға себеп болады. Қойылым арқылы осыны көрсеткіміз келді, – дейді режиссёр.
Айта кетейік, бұл туындыны сахналаған шығармашылық топ – Торайғыров университетінің екінші курс студенттері. Қойылымға дайындық екі айға жуық уақытқа созылып, осы уақыт ішінде студенттер сахналық көріністерді пысықтады. «Сөнген шырақ» жас өнерпаздардың үлкен сахнадағы алғашқы режиссерлік әрі актерлік дебюті болды.
Аяужан Жетес