Павлодарда жазғы концерттер маусымының жабылуында рекордтық адам саны жиналды

Павлодарда жазғы концерттер маусымының жабылуында рекордтық адам саны жиналды
Фото: Есенжол Исабек

Бұл маусым тарихтағы ең ұзақ және мазмұнды маусымдардың бірі ретінде есте қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2025 жылы «Ertis Promenade» сахнасында жалпы саны 273 мәдени іс-шара, оның ішінде 44 спорттық жарыс, сондай-ақ 32 қазақстандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен концерт өтті. Бұл маусымда Қазақстан эстрадасының ең танымал әншілері сахнаға шықты. Айта кету керек, олардың көпшілігі дәл осы Павлодар сахнасынан өз шығармашылық жолдарын бастаған болатын.

–        Бұл маусым тек концерттер мен спорттық шаралармен ғана емес, идеологиялық жобалармен де ерекшеленді. Павлодарлықтар екі рет үлкен сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – «Ertis dauysy» жобасы. Бұл жобадан жаңа жұлдыз шығып, қазіргі таңда оның алғашқы әні жазылып, жуырда жергілікті радиолардан шырқалмақ, – деді қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, маусым барысында жалпы 800 мыңға жуық адам іс-шараларға қатысқан. Ал маусымның жабылу салтанатына 150 мыңға жуық көрермен келген.

— Бұл – жағалаудың ең үлкен сыйымдылығы. Павлодарлықтар сүйікті әртістерін күтіп алды. Олар – жаз бойы күткен жұлдыздар, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Жабылу салтанатына келген әртістердің арасында әлеуметтік желілерде пікірталас тудырған Алексей Чумаков та болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның шақырылуы алдын ала зерттеліп, ешқандай саяси немесе идеологиялық кедергілер болмаған. Ол кештің хэдлайнері атанды. Оның алдында Turar, R-ONE, VSXV PRINCE, ал арнайы әншілер қатарында ELMAN, MONA сынды әртістер ән шырқады. Барлық шақырылған жұлдыздар демеушілер есебінен келді.

Романтикасыз да болмады. Әнші ELMAN Павлодарлық жұптың көпшілікке арналған гендер-пати өткізу  өтінішіне жылы ықыласпен жауап берді. Ол сахнада жазбаны ашып, микрофон арқылы егіз сәбилердің жынысын жариялады. Бұл жаңалық тыңдармандардың қуанышын оятып, қошемет пен шаттыққа ұласты.

Ал әнші MONA-ны көрермендер ұстап тұрған плакат ерекше толқытты. Ол сол плакатты естелік ретінде өзіне беруді сұрады.

Кино көрсетілімдері, би батлдары мен шеберлік сағаттары – бұл жылы аса сұранысқа ие болған жобалар. Келесі жылы бұл іс-шаралар одан әрі жалғасады. Ұйымдастырушылар би жарыстарына қатысуға ниетті жаңа командалардан өтінімдер түсе бастағанын айтты.

— Біз биылғы маусымды жабамыз, бірақ ертеңнен бастап келесі маусымға дайындықты бастаймыз. 2026 жылы павлодарлықтарды тағы қандай тосынсыйлар күтіп тұрғанын бірге көретін боламыз, – деді Светлана Гладышева.

Жақын арада Ertis Promenade сахнасында Республика күні және басқа да мемлекеттік мерекелер аталып өтпек. Олардың қатарында «Реал Мадрид – Қайрат» футбол матчының тікелей көрсетілімі де болуы мүмкін.